Слам Толхын
Қазақ
тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ақмола облысы, Зеренді ауданы,
Березняковка орта мектебі
Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел!
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік
алғанына 25 жыл толады. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік
Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
«Қазақстан – 2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең
абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым! (Нұрсұлтан
Назарбаев)
Елбасы 2014 жылғы Жолдауында қазақ елінің ұлттық
идеясы - Мәңгілік Ел ата - бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы
екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем
қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атануы еді, ол арман тұрмысы
бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу
еді.
Біз бұл арманды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік
Елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы
керек?» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға
бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол -
Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол
жеткізуді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры,
ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналды.
Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың перзенті.
Ендеше, Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел! - делінген. Сонымен қатар,
Президентіміз Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан – 2050»
стратегиясының түпқазығы етіп алынғандығын алға тартты. «Тәуелсіздікке қол
жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екенін баршамызға мәлімдеді. Бұл әлем
кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара
алауыздық пен жан - жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға
жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып
кеткен елдер қаншама?
Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан
сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол - Мәңгілік Ел», -
деді Елбасы.
Мәңгілік Ел идеясын, ұлттық идеологияның негізгі
факторы ретінде қарай отырып, оны барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ,
әлеуметтік, этностық, діни бірегейлікті қамтамасыз ететін басты ұстанымға
айналдыру қазіргі кезеңнің басты міндеті болмақшы.
Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының
басты, негізгі іргетасы – бірлік екенін ұмытпағанымыз абзал. Бірлік – ол елдің
рухани бірлігі, халықтың мәдени, тілдік, ділдік, ақпараттық кеңістікке деген
бірлігі. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту,
ұлттық идеологияны дамытудың басты факторы болуы тиіс.
Сондықтан да «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге
асырудың тұжырымдамалық негізін философиялық тұрғыдан талдау қажеттілігі
туындайды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған
күннен бері жүзеге асырып келеді. Ол қазақ халқының тарихи санасын
қалыптастырып, дамытуға бағытталған. Осындай бір алғашқы қадамдардың қатарына
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы» Заңын жатқызуға болады. Бұл
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы басты нық қадам деп қабылдауымыз керек.
«Мәңгілік Ел» идеясының келесі тұғыры, негізі – Елбасы үнемі айтып келе жатқан
елдің ішкі тұрақтылығы, халықтардың өзара достығы мен татулығы, бір - біріне
деген сыйластық қарым - қатынасы. Этнос және дінаралық келісім мен татулық
Қазақстан дамуының басты тұғыры. Тек тату, бірлігі жарасқан ел ғана алға қойған
мақсат - мұраттарына жете алады.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру белгілі бір
құндылықтар жүйесіне негізделетіні белгілі. Сол құндылықтардың ішіндегі ең
бастысы – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту, қазақстандықтардың үш
тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекеттік тіл «Мәңгілік Ел» идеясының
негізі, өзегі. Мемлекет билігінің құдіреттілігі мен күштілігі қазақ тілінде
сөйлеуімен өлшенеді. Мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің құдіреті қашанда
үстем болады. Мемлекеттік тілде сөйлеу қазақ халқының ішкі бірегейлігін
нығайтып, өркениеттік, мәдени бағытын арттырады. Тіл - ұлттың мәдени коды,
ойлау және таным, дүниеге қатынасының, құндылықтарды бағалай білу жүйесінің
коды. Тіл - билік, үлкен саясат. Тіл - «Мәңгілік Ел» идеясының басты
қолдаушысы. Ана тіліңді құрметтеу - ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың көзі.
Бұл жолда тілдік және ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ел
тәуелсіздігін қорғаудың басты ұстанымы болуы тиіс.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын және оны
одан әрі дамытатын - бүгінгі жастар. Жастар осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін
өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болулары керек. Патриотизм біздің
қазақстандық жастар үшін, этностарды біріктіретін күш ретінде мойындалуы тиіс.
Ел мәртебесіне, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығы тек
әділеттілік пен өзара ынтымақтастық және сыйластық негізінде қол жеткізілуі
тиіс.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда ұлт
зиялыларына да жүктелер міндет өте ауыр. Сол зиялы қауымның бірі - ұстаздар.
Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып,
танымын кеңейтетін де – білім. Ілім мен ғылым - бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің
өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашан да қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді.
Жастарымызды білім машығын игеріп, алған
білімдерін күнделікті өмірде және «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру барысында
тиімді пайдалана алуға баулу жолында еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай
қызмет етіп, ХХІ ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасырына» айналуына сүбелі үлес
қосып келе жатқанымызға мақтанамыз.
Біз
бір атаның - қазақ халқының перзентіміз. Бәріміздің туған жеріміз біреу-ол
қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол-Тәуелсіз
Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, Тәуелсіз еліміздің "Мәңгілік ел"
етуді мұрат қылдық. "Қазақстан-2050" стратегиясы осынау жолдағы
буындар бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы. Тәуелсіз елдің өз қолымен құрған
буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл
сенім білдіруіміз керек.. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және
жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз "Мәңгілік
ел" боламыз.
Қазақстан жастары, яғни мектеп
оқушылары-болашаққа деген үкілі үміттің тірегі. Олардың озат ойлары мен кемел білімдері-елімізді биік
шыңдарда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.
7 басты құндылығымыз:
Біріншіден,
бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.
Екіншіден,
бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден,
бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден,
бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден,
бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан,
бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден,
бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді
шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
2050
Стратегиясының жаңа логотипі бірліктің мазмұны. Ол қазақтың ұғымындағы бірлік пен қауымдастық белгісін бейнелейтін
әлем аллюзиясының бірігуі мен үндесу идеясын көрсетеді.
Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр
болмайды. «Мәңгілік Ел» болу жолындағы игі істеріміз арта берсін.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан - 2050
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»,Қазақстан
Республикасының Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы 12 желтоқсан 2012 ж
2.
Н.Ә. Назарбаев
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», Қазақстан
Республикасының Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, 27 желтоқсан 2012 ж,
3.
«Қазақстандық Ұлы жол» Егемен
Қазақстан 2012 ж 1 қаңтар
4.
«Мәңгілік Ел» мәйегі тарихтың
алтын дәйегі» Егемен Қазақстан 2015 ж 12 қыркүйек
5.
«Қазақстандық патриотизм» Қазақстан тарихы
әдістемелік журнал 2014 ж.